22 там, 2025 сағат 12:13

Қазақстандық мергендер Азия чемпионатында 9 медаль еншіледі

Фото: ҚР ТСМ

Шымкентте өтіп жатқан спорттық оқ ату бойынша XVI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетуде. 16–30 тамыз аралығында өтетін додада 21 тамызға дейін ұлттық құрама қоржынында 9 жүлде бар: 2 алтын, 1 күміс және 6 қола, деп хабарлайды Ult.kz.

Алғашқы алтынды алматылық, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев 10 метрлік пневматикалық винтовкада жеңіп алды. Ол Қытай мен Корея спортшыларын артта қалдырып, Азия чемпионы атанды.

Екінші алтынды юниорлар арасындағы «скит» жаттығуында алматылық Артём Седельников иеленді. Ол шешуші сәтте Үндістан спортшыларынан басым түсті.

Сонымен қатар, әйелдер арасындағы «скит» жаттығуында Анастасия Молчанова қола медаль алды, ал Қазақстанның әйелдер құрамасы (Ольга Хайлова, Адель Садақбаева, Анастасия Молчанова) күміс жүлдегер атанды.

Жасөспірімдер арасында пневматикалық тапаншадан командалық есепте қазақстандықтар бірқатар қола медаль олжалады. Атап айтқанда, Кирилл Федькин, Рамазан Ынтықбай, Кирилл Цуканов, сондай-ақ Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова, Асылым Жакия және Кира Владимирова, Алиса Краденова, Софья Жукова үздік үштікке енді.

Сондай-ақ, аралас жарыстарда (ПП-микс) юниорлар арасында Кирилл Федькин мен Сәуле Әлімбек, ал басқа сында Даниил Смирнов пен Алиса Краденова тағы екі қола жүлдені қоржынға қосты.

Айта кетейік, чемпионатқа 27 елден 800-ден аса спортшы қатысуда. Жарыс барысында 700-ден астам медаль сарапқа салынады. Турнирді Қазақстан спорттық оқ ату федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған.