27 қаз, 2023 сағат 10:56

Қазақстандық кәсіпкерлерге 2,4 миллиард теңге қайтарылады

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Көлік прокуратурасының қадағалау актісі бойынша 2 мыңнан астам кәсіпкер 2,4 млрд теңге ақшасын қайтарып алатын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, құқық қорғау қызметі аясында Бас көлік прокуратурасы бизнес субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіретін фактілерді анықтаған.

2022 жылдан бастап қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемдер бойынша міндеттемелер өзгертіліп, кәсіпкерлердің жекелеген санаттары экологиялық төлемдерден босатылған.

Осыған қарамастан, бұл мән-жайларды білмеген кәсіпкерлер тиісті төлемдерді жүргізуді жалғастыра берген. Ал салық органдары олардың негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.

Мысалы, осындай төлемді төлеушілер санатына кірмейтін «№3 Sk автовокзал паркі» ЖШС мемлекет бюджетіне 15 млн астам теңге төлеген. Сол сияқты басқа 2 203 кәсіпкер де бюджетке негізсіз 2,4 млрд теңгеден жоғары қаражатты аударған.

"Көлік прокуратурасы органдарының араласуынан кейін ғана кәсіпкерлерге оларды осындай алымдарды төлеушілер тізімінен алып тастағандығы туралы ақпар жеткізілді.

Сонымен қатар көлік прокуратурасының актісі бойынша кәсіпкерлерге ақшалай қаражатты қайтару бойынша жұмыс басталған. 500-ден астам кәсіпкерге шамамен 30 млн теңге қайтарылды.

Мемлекеттік кірістер комитетіне салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпаратты бизнес қауымдастыққа тиімді жеткізу жөніндегі шараларды әзірлей отырып, осындай жағдайдың туындау себептерін талдау тапсырылды" - делінген хабарламада.