02 қаз, 2020 сағат 15:35

Қазақстандық экспорттаушылардың шығындарын өтеудің жеңілдетілген ережесі күшіне енеді

3 қазаннан бастап қазақстандық экспорттаушылардың шығындарын өтеу жөніндегі жеңілдетілген ережелері күшіне енеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство елдің шикізаттық емес экспортының үлесін кеңейту және ұлғайту мақсатында отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарын өтеу жөніндегі қолданыстағы қағидаларға бірқатар түзету енгізген. 

Аталмыш ережелерде кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, қолдау көрсету тәртібі айтарлықтай жетілдірілді.

«Жаңа ережелерде құжаттар пакеті оңтайландырылды, шығындардың жаңа түрлі енгізілді, өтелетін тауарлардың тізбесі өзектендірілді, тауарды қайта бөлу деңгейіне байланысты өтеу лимиттерін градациялау, сондай-ақ шығындар үшін өтем алу кезінде кәсіпорындардың қарсы міндеттемелері қарастырылған. Мәселен, жол парағын, түрлі анықтамаларды, фотосуреттерді және басқа да құжаттарды ұсыну қажеттілігі жойылды.

Енді трейдерлер мен дистрибьюторлар, сондай-ақ өңделген тауарларды экспорттайтын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері шығындардың бір бөлігін өтей алады», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, сыртқы нарықтардағы сауда сөрелерін жалға алу төлеміне жұмсалған шығындар да өтеледі.

Стандарттау үшін тауарларды жеткізу кезінде шығындардың бір бөлігін өтеу лимиті ағымдағы қаржы жылына бөлінген қаражаттың көлемінің бұрын көрсетілген 1/50 орнына 75 000 АЕК-ке дейін өзгертілді. Осылайша, кепілдік берілген өтем сомасы бюджеттеуге байланысты болмайды.

Жаңа ережелерде кәсіпорындардың қарсы міндеттемелері бойынша мәселелер де реттелген.

Бұдан басқа, кәсіпорындардан өтінімдер енді тек электронды түрде қабылданатын болады, бұл уақытты үнемдеуге және өтініш берушілердің қосымша пошта шығындарын жоюға мүмкіндік береді.

«Шығындарды өтеуге рұқсат алған компаниялар негізінен көрші елдерге: Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға, Қытайға экспорттайды. Сондай-ақ Швейцария, Бангладеш, Ирландия, Бахрейн елдеріне шығуда. Сонымен қатар, шығындарды өтеу арқылы Африка, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, АҚШ және т. б. жаңа нарықтарға шығу оңайырақ болады.

Осы мемлекеттік қолдау шараларының барлығы кәсіпорындарға саудада неғұрлым тиімді және бәсекеге қабілетті болуға, сондай-ақ ішкі өндіріс пен экспорттық түсім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, салық аударымдарын ұлғайта отырып, ұлттық экономиканың дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуына оң серпін беру керек, - деді «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айдар Кәкімжанов. 

Жаңа ережелер 2020 жылғы 3 қазаннан бастап күшіне енеді. 

Өтінімдерді қабылдауды Сауда және интеграция министрлігінің операторы – «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы export.gov.kz порталы арқылы жүзеге асырады.