Қазақстандық экспорттаушылардың 3,2 млрд теңге шығыны өтеледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылғы 18 желтоқсан күні «QazIndustry» АҚ-на өңделген тауарларды экспорттаушы субъектілердің шығынын өтеуге қатысты 350 компаниядан 578 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 433 өтінім тауарларды жеткізуге байланысты шығындар (тауарларды темір, әуе, автомобиль, теңіз көліктерімен жеткізуге байланысты және тасымалдауды ұйымдастыру бойынша шығындар), 145 өтінім тауарларды ілгерілету бойынша түсіп отыр.
Айта кетерлігі, отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына сәйкес, оларға: шетелде тауарларды жарнамалауға және ілгерілетуге байланысты шығындар; қойманы ұстауға арналған шығындар; шетелдік нарықтарда тауарларды тіркеуге және техрегламенттерге сәйкестікке арналған рәсімдерден өтуге байланысты рәсімдерді жүргізуге арналған шығындар және тағы сол сияқты шығын түрлері жатады.
«Қағидаларға өзгерістер енгізілгеннен кейін «QazIndustry» АҚ-ға 336 өтінімдер келіп түсті. 110 компаниядан жалпы сомасы 3,2 млрд тенгені құрайтын өтінім мақұлданды», - деп атап өтеді министрліктен.