Стамбұлда әйелдер арасында өтіп жатқан әлем біріншілігінде қазақстандық қос боксшы қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2016 жылғы әлем чемпионы Валентина Хальзова 70 келіге дейінгі салмақта Мозамбик елінің өкілі Алсина Хелена Пангуанмен шеберлік байқасты.
Жекпе-жекті тәп-тәуір бастаған Валентина соңғы раундта нокдануға түсіп қалды.
Сөйтіп Мозамбик боксшысы өз елінің тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалына шықты.
Сондай-ақ бүгін Ақмола облысының өкілі Карина Ибрагимова 57 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда тайбэйлік Линь Юй Тинге қарсы рингке шықты.
Бұл жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан шешімімен 2018 жылғы әлем чемпионы Линь Юй Тиннің мерейі үстем болды – 5:0.
Осылайша, Ибрагимова өзінің спорттық жолында екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бүгін кешкі сессияда тағы бір қазақстандық Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта румыниялық Лакрамиоара Перишочпен жұдырықтасады.