11 нау, 2022 сағат 13:55

Қазақстандық боксшылардың IBF-тегі рейтингі белгілі болды


Халықаралық бокс федерациясы (IBF) барлық салмақ дәрежесі бойынша жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтемемен.

Қазақстандық боксшылар келесі орындарға жайғасты. 

Екінші орта салмақта Айдос Ербосынұлы мен Әли Ахмедов тиісінше төртінші және бесінші орындарын сақтап қалды. Бұл салмақта алғашқы екі орын бос, үшінші орында ресейлік Евгений Шведенко. IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес.

Орта дивизионда чемпиондық атақ Геннадий Головкинге тиесілі. Мейірім Нұрсұлтанов 13-ші орыннан 14-шіге түсіп қалды. Бірінші орында бразилиялық Эскива Фалькао, екінші орын бос, үшінші сатыда – неміс Патрик Войцицки. 

Жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусінов 15-ші орында. Бұл салмақта үміткерлер арасында ең жоғары үшінші орында америкалық Джарон Эннис. IBF чемпиондық белдігі АҚШ өкілі Эррол Спенсте.

Екінші жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін Сұлтан Заурбек 11-ші орында қалды. Бұл дивизионда чемпион – жапониялық Кеничи Огава. Бірінші орында Шавкат Рахимов (Тәжікстан), одан кейінгі сатыларда британиялықтар Зелфа Барретт мен Джозеф Кордина.