Ел астанасында бокстан «Елорда кубогы» халықаралық турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жарыс қорытындысында қазақстандық боксшылар 11 алтын медаль жеңіп алып, командалық есепте көш бастады.
Атап айтқанда, 48 келіге дейінгі салмақта Теміртас Жүсіпов өзбекстандық Асылбек Жалиловты төрешілер шешімімен (4:1) ұтты.
Сәкен Бибосынов 51 келіге дейінгі салмақта кубалық Алехандро Кларо Фисстан айласын асырды (5:0).
Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта қытайлық Фан Бодан басым түсті (5:0).
Серік Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақта тартысты бәсекеде төрешілер шешімімен кубалық Освел Дэвид Кавалльероны сүріндірді (3:2).
Саматәлі Төлтаев 60 келіге дейінгі салмақта отандасы Талғат Сырымбетовті жеңді (4:1).
Мұхамедсабыр Базарбайұлы 63,5 келіге дейінгі салмақта Санатәлі Төлтаевты қапы қалдырды (5:0).
19 жастағы Абзал Серік 67 келіге дейінгі салмақта Дулат Бекбауовты ұтты (4:1).
Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы, жапониялық Севонрет Оказавамен айқасып, жеңіске жетті (4:1).
Кубалық Йоэнлис Фелисиано Эрнандес Мартинес 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Саиджамшид Жафаровты ұтты (3:2).
Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта қытайлық Танглатихан Эрбиекеден сәл басымдау болды (3:2).
Абзал Құттыбеков 86 келіге дейінгі салмақта кубалық Яиниер Аереодан үшінші раундта нокдаун алғанына қарамастан, чемпион атанды (3:2).
Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта аса тартысты жекпе-жекте отандасы Сағындық Тоғамбайды жеңді (3:2).
Аса ауыр салмақта Дамир Тойбай финалда өзбекстандық Лазизбек Мулложоновқа есе жіберді (0:5).
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов аталмыш жарыста Абзал Серік секілді жастардың да жақсы өнер көрсеткенін жеткізді.