Almaty.tv
Қазақстандық блогер Жұлдыз Ақболат өзінің қымбат курстарына көңілі толмайтын студенттерге жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жұлдыз Ақболат соңғы үш жылдан бері қазақстандықтарға өндірістің қыр-сырын үйретіп келеді. Осы уақыт ішінде оның курстарына 20 мыңнан астам адам қатысып, тиісті сертификаттарын алған. Соңғы 130 адам биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында оқыды. Алайда кейбір қатысушылар курстарға көңілі толмай, олардың тиімсіз екенін БАҚ арқылы мәлімдеген.
"Ақпарат шындыққа жанаспайды, оны жоққа шығарғым келеді. Телеарналардың бірінде 20 студент шағымданғанын айтты. Алайда іс жүзінде құқық қорғау органдарына бес-ақ арыз түскен. Соның ішінде тек екеуі ғана Жұлдыз Ақболат басқаратын Inekon Group компаниясына жазылған. Қалғандары бізге ешқандай қатысы жоқ", - деді блогер Жұлдыз Ақболаттың мүддесін қорғайтын заңгер Салтанат Диханбаева.
Ол екі шағым бойынша құқық қорғау органдарына курсты өту дерегін растайтын барлық құжаттарды ұсынғанын айтты.
"Шағымданушылардың бірі біздің курстар оның бизнесіне, яғни нишасына сәйкес келмейтінін айтты. Сондай-ақ, ол курста берілген ақпаратты пайдалану арқылы ақша таппағанын айтады. Келісімшарт бойынша біздің тарап курс ұсынады, ал студент үй тапсырмасын тапсыруы керек. Ал бұл өтініш беруші бірде-бір тапсырма орындаған жоқ. Қалай ол курстың шартын орындамай жатып ақша таппадым деп мәлімдей алады.
Тағы бір қатысушы сегіз модульдің алтауын оқып, курс тиімсіз деп шағымданды. Ол алты модуль аясында бізге үй тапсырмасын жіберген жоқ, есеп болып табылмайтын жай ғана рефераттар жіберді", - деп атап өтті Диханбаева.
Заңгер құқық қорғау органдары барлық құжаттарды тексеріп, бұл дауды азаматтық жолмен шешу керек деген қорытындыға келгенін айтты.
"Тәртіп сақшылары біздің тарапымыздан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық анықталмағанын айтты. Тиісінше, дау азаматтық сотта шешілуі керек. Бұл дұрыс, өйткені біз клиентпен жасалған шартқа сәйкес өз қызметтерімізді толық көлемде көрсеттік. Студенттерге платформадағы сабақтарға қол жетімділік берілді. Олардың талаптары азаматтық сотта қаралуы тиіс және біз онда өз құқығымыз бен мүдделерімізді қорғауға дайынбыз", - деп қорытындылады Салтанат Диханбаева.
1243 рет оқылды