Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық комитеті қазақстандық спортшылардың «Б» допинг сынамаларының қосымша тексерілу процедурасын растайды, — деп хабарлайды Ұлт порталы комитеттің сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті (ҚР ҰОК) Халықаралық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша «А» допинг сынамалары қайта тексеруден өткізілген спортшылардың арасында 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы мен 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысқан қазақстандық спортшылардың бес сынамасы күдік тудырғанын мәлімдейді» дейді комитет өкілдері.
«Қазір ҚР ҰОК өкілдері Лозанна (Швейцария) қаласында, сол жерде «Б» допинг сынамаларын ашу және тексеру процедуралары өтіп жатыр. Халықаралық Олимпиадалық комитетінің регламентіне сәйкес аталмыш процедура құпия және тестілеудің түпкілікті нәтижесі алынбағанға дейін ақапарат жарияланбайды. Қайта тестілеу процедуралары аяқталып, тексерулердің ресми нәтижелері мен хабарландыру келген кезде ғана Ұлттық Олимпиадалық комитет осы мәселе бойынша түсініктеме беруге уәкілетті болады» делінген хабарламада.
«Түрлі БАҚ таратып жатқан ақпаратты ҚР ҰОК растап немесе жоққа шығара алмайды» дейді олар.
Қазіргі таңда «Б» допинг сынамалары Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің (WADA) процедураларына сай қосымша тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада чемпиондары — Зүлфия Чиншанло мен Илья Ильиннің қанынан допинг табылғаны хабарланған болатын.
Ұлт порталы