Qazaqstan телеарнасы бүгін 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қазақстандықтар қатысқан кей жарыс неге көрсетілмегенін түсіндірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарт" Ұлттық арнаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін қазақстандықтар дзюдо жарысы мен тағы бірқатар сайысты телеарнадан көре алмаған болатын. Дзюдошы Елдос Сметовтің қола медаль алған сәтін де жанкүйерлер телеарналардан көре алмады.
"Токио Олимпиадасын көрсету құқығы жарыс басталар уақытта алынғандықтан, спорттық шараларды тікелей эфирде көрсету барысында біршама қиындықтар туындап жатыр. Сигналды қабылдайтын техниканы тексеру және тесттен өткізуді құқықты сатып алмай тұрып жүргізу мүмкін емес. Сондықтан телеарналардың алдын ала дайындық жүргізуге мүмкіндігі болған жоқ.
Техникалық жағынан келеңсіздіктердің туындау қаупін болжай отырып, қолда бар мүмкіндікпен Олимпиаданың бүгінгі бағдарламасы эфирлік кестеге енгізілді. Алайда жанкүйерлер отандастарымыздың кейбір сайыстарын тікелей эфирде тамашалай алмады.
"Қазақстан" РТРК" АҚ мен "Хабар" агенттігі" АҚ қызметкерлері бар мүмкіндіктерді пайдаланып, олқылықтарды жөндеуге тырысып жатыр. Сигналды тесттік режимде қабылдау бір немесе екі күн уақытқа созылуы мүмкін екенін ескерте отырып, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз", - делінген Qazaqstan телеарнасының Instagram желісіндегі хабарламасында.