Қазақстан құрамасының бес боксшысы Thailand Open халықаралық жарысының финалына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Пхукетте (Тайланд) бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр.
69 келіде жұдырықтасқан команда капитаны Асланбек Шымбергенов қарсыласын екінші раундта сұлатып түсірді. Отандасымыз тайландық Атичай Фомсапты таза нокаутпен жеңіп, жарыстың финалына шықты.
Кешкі сессияда 63 келіде қазақстандық боксшылар финалдық жолдаманы өзара сарапқа салды. Жартылай финалдық белдесуде Султан Мусинов Санатәлі Төлтаевтан басым түсіп, жарыстың финалисті атанды.
Сондай-ақ, 91 келіде Айбек Оралбай командаласы Сағындық Тоғамбайды жеңіп, ақтық финалға шыққан болатын.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Серік Теміржанов та қазақстандық финалистер санынын арттырды. Ол жартылай финалда жергілікті спортшы Ружакран Джунтронгты 3:2 есебімен ұтты.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай жартылай финалда жергілікті спортшымен кездесіп, Анавата Тонгкатокты екінші раундта жарыс жолынан ығыстырған болатын.
Боксшыларымыздың 9 сәуірде өтетін финалдағы қарсыластары мыналар:
57 келі. Серік Теміржанов пен Ян Кларк Баутиста (Филиппин)
63 келі. Сұлтан Мусинов пен Сомчай Вонгсуван (Таиланд)
69 келі. Асланбек Шымбергенов пен Бунджонг Синсири (Таиланд)
81 келі. Нұрбек Оралбай мен Ашиш Кумар (Үндістан)
91 келі. Айбек Оралбай мен Джаккапонг Йомхот (Таиланд).
Еске сала кетейік, олардан басқа аталған турнирде 52 келіде Аятулла Тәкіжанов, Сәкен Бибосынов, 63 келіде Санатәлі Төлтаев, 75 келіде Тимур Нұрсейітов, 91 келіде Сағындық Тоғамбай жарыстың түрлі сатысында жарыс жолынан шығып қалды.