12 қаз, 2020 сағат 07:30

Қазақстандағы шетелдік компаниялар саны 11,8 пайызға өсті

Күздің басында Қазақстанда шетелдік үлестің қатысы бар жұмыс істеп тұрған компаниялар саны 21,7 мыңға жетті. Бұл өткен жылдың дәл осындай көрсеткішінен 11,8 пайызға көп, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ranking.kz мәліметінше, оның 97,3 пайызы немесе 21,1 мыңы - шағын, 1,5 пайызы (325) - орта және 1,2 пайызы (260) - ірі компания саналады. Шетелдік компаниялардың 8,6 мыңы көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейді. Құрылыс саласында 2,2 мың, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында 1,6 мың компания бар. 

Қазақстандағы шетелдік компаниялардың ең көбі - ресейлік. Айталық, осы жылдың тамыз айын соңында Қазақстанда Ресейдің 7 040 компаниясы жұмыс істеп тұрды. Олардың басым бөлігі (3 061 компания) сауда саласында қызмет көрсетеді. 

Елімізде Түркиядан келген кәсіпорындар да аз емес. Оның саны - 2 044. Түрік компаниялары негізінен сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі салаларында қызмет көрсетеді. Айта кетерлігі, қонақ үй мен тамақтану бойынша қызмет көрсету саласында түрік компанияларының саны (172 кәсіпорын) басым. 

Қазақстанда тіркелген шетелдік компаниясы бар елдің қатарында Қытай да бар. Бұл елден 1 020 шағын, 16 орта және 20 ірі компания жұмыс істейді.