25 қыр, 2017 сағат 13:15

Қазақстандағы қоймаларға газ сыймай жатыр

Алдағы уақытта "ҚазТрансГаз" компаниясы тағы бір газ қоймасын ашуды жоспарлап отыр,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"ҚазТрансГаз" АҚ трансформация және даму жөніндегі бас директорының орынбасары Ерқанат Темірxановтың айтуынша, алдағы уақытта компанияның еншілес кәсіпорны - "Амангелдігазда" шикізатты өндіру көлемін жылына 500 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. "Аталған компания Жамбыл облысында орналасқан. Енді, 2018-2024 жылдарға дейін газ саласын дамыту аясында біз "Амангелдігазды" шикізаттық база ретінде ғана емес, ірі газ қоймасы ретінде пайдалануды көздеп отырмыз. Себебі қазірдің өзінде "Полторацкое", "Ақыртөбе" мен "Бозой" барлық шикізатты сыйғыздыра алмай жатыр", - дейді Темірxанов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Қытайға газды тасымалдау көлемін арттыру аясында "Амангелдігазды" оңтүстіктің тағы бір ірі газ қоймасы ретінде пайдалану аса маңызды.

Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда үш жерасты газ қоймасы бар. "Полторацкое" мен "Ақыртөбе" оңтүстікте орналасса, Ақтөбе облысында "Бозой" қоймасы бар. Үшеуіне 4,65 млрд куб метр газ сыяды.