Қазақстандағы депозиттердің долларлану деңгейі бір жылда 5 пайызға дейін төмендеген. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2019 жылы банк жүйесіндегі депозиттер 2,5 пайызға көбейіп, 19 трлн теңгеге жетті. Бұған қоса ұлттық валютадағы салымдардың мөлшері 13,1 пайызға өсіп, 10,8 трлн теңгені көрсетті. Бұған теңгемен берілетін ставкалардың жоғарылығы, сонымен бірге айырбастау бағамының тұрақтығылы себеп болып отыр. Ал шетелдік валютамен жиналған депозит мөлшері 8,7 пайызға азайып, 8,2 трлн теңгені көрсетті. Осының арқасында депозиттердің долларлануы 43,1 пайызға төмендеді. Бір жыл бұрынғы бұл бағыттағы көрсеткіш – 48,4 пайыз еді», - дейді Ақылжан Баймағамбетов.
Ұлттық банкі төрағасының орынбасары елде ұзақ мерзімді несиелер 6,5 пайызға өсіп, 11,8 трлн теңгеге жеткенін, ал қысқа мерзімді несиелер 2,7 пайыздық өсімді көрсетіп, 2,0 трлн теңгеге жеткенін мәлім етті.