18 қыр, 2024 сағат 11:58

"2022 жылы Қазақстандағы автобустар нарығының 63 пайызын қамтыдық": "QazTehna" зауыты қарқынды дамуда


Фото: ULT.KZ

"QazTehna" автобус және коммерциялық техника шығаратын зауыт осыдан 4 жыл бұрын өз жұмысын бастаған. Бүгінде 700 адам еңбек етіп жатқан зауытта жылына 1,5 мыңнан артық автобус өндіріліп, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

ULT.KZ тілшісі Саран қаласында орналасқан зауытқа барып, өндірістің қалай жүріп жатқанымен танысты. 

Зауыт мамандары тілшілерге автобус қаңқасының негізгі бөліктері жиналатын дәнекерлеу цехынан бастап, бояу цехы, құрастыру цехы және техниканы сынау желісіне дейін зауыттың барлық өндірістік кешенін көрсетті.

Фото: ULT.KZ


Фото: ULT.KZ

Бүгінгі таңда "QazTehna" зауытының өндірістік портфеліне қалалық, туристік, қалааралық, сондай-ақ Yutong маркалы арнайы мақсаттағы автобустардың кең ассортименті, Sinotruk және Scania брендінің коммерциялық техникасы кіреді.

Фото: ULT.KZ

"QazTehna" бас директоры Арғұлан Майқонов:

«Автобус және арнайы техника өндіретін біздің зауыт 2020 жылы бұрынғы резина-техникалық өнімі зауытының базасында құрылды. Қазіргі уақытта зауытымыздың жобалау қуаты жылына 1200 бірлікті құрап отыр. Біздің негізгі серіктесіміз автобус өндіруде әлемге әйгілі Yutong бренді. 2020 жылы зауыттың реконструкциясын бастағанбыз, 2021 жылы өніміміздің алғашқыларын шығара бастадық. Құрылғыларды өндірісті дамыту қоры арқылы алдық. Бұл бізге зауыт жұмысын тез жолға қоюға көмектесті. 2022 жылы Қазақстандағы автобустар нарығының 63 пайызын қамтыдық», -деп отыр А. Майқонов. 


Зауытта 2021 жылы 165 бірлік техника, 2022 жылы 568 бірлік техника өндірілсе, 2023 жылы 1 579 бірлік техника шығарылған екен. Ал биылғы жылы 1 648 бірлік техника шығару жоспарланып отырған көрінеді.

Фото: ULT.KZ

Зауыттың құрастыру цехы шебері Нияз Тұрсынов:

«Осы зауытқа алғаш 2020 жылы дәрнекерлеуші болып жұмысқа орналастым. Сосын кәсіпорынның оқу орталығында өзіме қажетті мамандықтарға оқып, құрастыру цехының шебері болып жұмысқа тұрдым. Оқу жарты жыл уақыт алды. Оқуға жұмыс арасында арнайы уақыт бөлінеді сол кезде оқып жүрдім. Алғаш жұмысқа кіргенде жалақым 150 мың теңге болған, бірте-бірте айлығым өсіп, қазір 300-450 мың теңге шамасында аламын. Ендігі мақсатым цехтың бастығы болу», -дейді ол.


Айта кетейік, кәсіпорында қызметкерлерді даярлау үшін "QazTehna" ЖШС Оқу орталығы жұмыс істейді. Ол зауыт қызметкерлеріне кәсіби өсу мен мансапты дамытуға мүмкіндік беру үшін 12 жұмысшы мамандығы бойынша оқытады. Оқу бітіргендерге куәліктер мен сертификаттар беріледі. 


Фото: ULT.KZ

Қзіргі таңда зауытта қызметкерлер саны өсіп келеді екен, «оның негізгі факторлары өтемақы пакетінің болуы» деп отыр мамандар. Оған тұрақты жалақы, міндетті медициналық аударымдар, тамақтану ақысы, Қарағандыдан, Саран, Теміртау, Абай, Шахан және Шахтинск спутниктік қалаларынан жұмысшыларды тасымалдау кіреді. 

Фото: ULT.KZ

Кіші торап цехының басшысы Жарас Исабеков:

«Осы зауыт енді салына бастағанда дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасқанмын. Құрылғылардың монтажын, демонтажын зауыт ашылғалы бақылап, сол уақыттан бері осы жерде жұмыс істеп келе жатырмын. Оның алдында 7 жыл теміржолда істедім. Жаңа зауыт, жаңа өндірісте істеу қызықты болып көрінгесін осы зауытта жұмыс істеуге келісім бердім. Оның үстіне бала күнімнен көліктерге, олар қалай құрастырылатынына қызығатынмын. Осы салада өзімнің болашағымды көрдім», -дейді маман.



Фото: ULT.KZ
Компанияның өнімдері нарық сегменттерінің кең спектрін қамтиды, соның ішінде мектеп автобустары, олардың өндірісі шағын түйінді CKD әдісімен жүзеге асырылады. Бұл модель – басты критерий-қауіпсіздікке негізделген үздік тәжірибелер жиынтығы. Өндіріс іске қосылған сәттен бастап барлығы 428 мектеп автобусы берілді, олар бүгінде республикамыздың Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жамбыл, Жетісу облыстары мен Атырау, Көкшетау, Қызылорда қалаларында жұмыс істейді.