26 қаз, 2016 сағат 12:17

Қазақстанда жыл сайын 100 мың пәтер салынады - Жайымбетов

- Қазақстанда жыл сайын 100 мың пәтер салынатын болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.

Комитет басшысы Үкіметте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жылына қанша тұрғын үй пайдалануға берілетіндігі жайында есеп бар болғанымен аталған құжат әлі бекітілмегендіктен нақты деректерді жария ете алмайтындығын айтты.

«Бірақ, шамамен жылына 100 мың, 15 жылда 1,5 млн. пәтер салынатын болады. Мәселен, өткен жылы бүкіл ел бойынша 78 мың пәтер салынған еді. Бұл шамамен 9 млн. шаршы метр тұрғын үйді құрайды. Ол жылына шамамен 5,6 пайызға өсіп отырады. Біз өсімді осы шекте болжап отырмыз. Жалпы, нақты есептері бар. Дегенмен, бағдарлама әлі толық қабылданбағандықтан, оны жария етпей-ақ қояйын», - деді комитет басшысы.

Сонымен қатар ол еліміз бойынша 18 тұрғын үй комбинаты салынғанын атап өтті.

«Олар мемлекет тарапынан қолдауға ие болып отыр. Шынымен де тұрғын үй комбинаттары материалдарынан салынатын үйлердің құрылысы жедел әрі арзан болады. Біздің есептеуімізше, 20-30 пайызға арзан. Ал жеделдігіне келер болсақ, мәселен, 5 қабатты үй 6-9 ай салынса, тұрғын үй комбинаты материалдарын пайдаланып, 3,4 айда үй тұрғызуға болады», - деді Жайымбетов.