2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанда инфляция 4,2 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Статистика комитеті хабарлады.
Биылғы алты айда (2020 жылғы маусым 2019 жылғы желтоқсанға) азық-түлік тауарларына баға – 7,3%, азық-түлік емес тауарларына – 2,6%, ақылы қызметтерге 1,4% қымбаттаған.
Атап айтқанда, жыл басынан (2020 жылғы маусым 2019 жылғы желтоқсанға) бағаның қымбаттауы жемістерге – 21,2%, көкөністерге – 15,6%, жармаларға – 14,6%, қой етіне – 10,7%, құмшекерге – 10,6%, макарон өнімдеріне – 9,3%, сары майға – 8,9%, ұнға – 8,8%, ет өнімдеріне – 8,5%, жылқы етіне – 8,2%, сиыр етіне – 7,4%, мәйекті ірімшікке – 7,3%, мұздатылған балыққа – 6,1%, шайға – 5,9%, шошқа етіне – 5,5%, шұжық өнімдеріне – 5,4%, тоқаш және ұннан дайындалатын өнімдеріне – 4,6%, пастерленген сүтке – 4,5%, қышқыл сүт өнімдеріне – 3,7%, нанға – 3,4%, сүзбеге 3,3% белгіленді.
Минералды және ауызсу – 6,8%, темекі өнімдері – 5,4%, салқындатылған сусындар 4% қымбаттады.
Керісінше, жұмыртқа – 3,6%, күріш – 2,7%, сөк 2,4% арзандаған.
Баға өсімі жуу және тазалау құралдарына – 5,8%, дәрі-дәрмекке – 5,6%, жеке қолданылатын тауарларға – 5,3%, тұрмыстық аспаптарға – 4,3%, автомобильдерге – 3,9%, құрылыс материалдарына 3,6% құрады.
Бензин 2,8% қымбаттаса, дизель отыны 3% арзандады.
Бағаның артуы сондай-ақ құқықтық, жеке көлiк құралдарын сақтандыру қызметтеріне – 10%-дан, денсаулық қызметтеріне – 3,4%, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 2,6%, мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтеріне – 2,2%, кабельдік телевизия қызметтеріне 2% тіркелді.
Интернет желісіне қосылу үшін абоненттік төлем 2% жоғарылады.
Қала ішінде таксимен жол жүру ақысы – 5,2%, темір жолкөлігінде 3,7% қымбаттады, ал әуе көлігімен қатынау 1,7% арзандады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер ыстық суға – 7,7%, кәрізге – 6,2%, суық суға – 5,6%, орталықтан жылытуға 3,4% төмендеді, ал қоқыс шығаруға – 9%, электр энергиясына 2,2% өсті.