16 шіл, 2025 сағат 17:07

Қазақстанда жол апаттары 54%-ға артты: 6 айда 955 адам қаза тапты

Фото: Pexels.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 15 698 жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға көп. Апаттардан 22 346 адам зардап шегіп, олардың 955-і қаза тапты.

Жол апаттарының көбі республикалық маңызы бар тас жолдарда болған — 1 401 оқиға. Нәтижесінде 3 146 адам ауыр жарақат алып, 2 791 адам жеңіл жараланды, 355 адам көз жұмды.

Ең көп жол апаты тіркелген өңірлер:

  • Алматы облысы – 404 оқиға

  • Ақмола облысы – 126

  • Жамбыл облысы – 121

ЖКО-ға кінәлілер арасында мыналар басым:

  • Жеңіл көлік жүргізушілері – 12 046

  • Автобус жүргізушілері – 520

  • Мопед – 438

  • Жүк көлігі – 390

  • Жаяу жүргіншілер – 428

  • Велосипедшілер – 114

  • Электросамокат – 48

  • Шағын электр көлігі – 58

Балалар арасындағы жарақаттану дерегі де алаңдатарлық: 2024 жылмен салыстырғанда жараланған балалар саны 74,3%-ға өсіп, 3185-тен 5552-ге жетті. Қайтыс болғандар саны 126-дан 135-ке артты. Көп жағдайда бұл Түркістан (27), Алматы (17), Жамбыл (9) және Жетісу (9) облыстарында орын алған.

Бас прокуратура азаматтарды жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға, сақтықты күшейтуге шақырды. Жолдағы әрбір салғырттық — адам өміріне тікелей қауіп.