Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 4,5 мың бала өз үйіне оралды. Бұл туралы бүгін ҚР БҒМ Балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Ойшыбеков айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Заман талабына сай елімізде жыл сайын балалардың құқықтарын және олардың мүдделерін қорғайтын заңнамалық құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар қабылдануда. 2017 жылы да сондай өзгерістер қабылданды. Атап айтсақ, халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қабылдаушы және қонақ отбасы түсініктері енгізілді. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық банк деректері, түсініктері және жұмыс істеу ұстанымдары заңнамалық актілерге енгізіліп, бүгінгі күні жүзеге асырылуда», - деді Н. Ойшыбеков ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің халықпен есептік кездесуі барысында.
Оның атап өтуінше, отбасылық құрылымның мұндай барлық формасына мемлекет тарапынан материалдық кепілдік беріледі. Соның нәтижесінде соңғы жылдары балалар үйінде тәрбиеленушілердің, балалар үйлерінің қатары азайып келеді.
«Соңғы 5 жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы балалардың саны 40 пайызға, 10 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарды. Бұған қоса, 4,5 мың бала туған отбасына оралды. Осының арқасында елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерге арналған 50 мекеме таратылып, жабылды», - деді Нұрбек Ойшыбеков.
Комитет басшысының дерегінше, елімізде 5 млн 600 мыңнан астам бала бар. оның 3 миллоннан астам мектеп жасында, болса, 2 миллионнан астамы мектепке дейінгі жастағы сәбилер.