29 қаз, 2025 сағат 12:19

Қазақстанда зейнетақы жинағын пайдаланып сатып алынған баспананы сатуға шектеу қойылуы мүмкін

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдеріне (БЗТ) сатып алынған тұрғын үйлерді сатуға уақытша шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бастама Қаржы мониторингі агенттігі анықтаған күмәнді схемалардан кейін көтерілген, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Агенттіктің мәліметінше, кей азаматтар зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу үшін жылжымайтын мүлік сатып алу сылтауын пайдаланып, кейін сол пәтерді бірнеше рет қайта сатумен айналысқан.

«Отбасы банк» өкілдері редакцияның ресми сауалына жауап бере отырып, мұндай жағдайлар заңды тікелей бұзу болып саналмайтынын, алайда бұл зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына және тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне себеп болатынын атап өтті.

«Қолданыстағы ережелерде бұл мәселеге қатысты нақты шектеу жоқ. Алайда мұндай әрекеттер тұрғын үй нарығының шынайы статистикасын бұрмалайды және бағаның негізсіз қымбаттауына әкеледі», – делінген банктің түсіндірмесінде.


Зиянды тәжірибелердің алдын алу үшін «Отбасы банк» Индустрия және құрылыс министрлігіне тиісті ұсыныс жолдаған. Басты ұсыныс – зейнетақы жинағымен сатып алынған пәтерді 5 жыл ішінде сатуға тыйым салу.

«Яғни азамат зейнетақы қаражатын пайдаланып баспана алса, ол пәтерді бес жыл бойы сата алмайды. Бұл спекуляциялық мәмілелердің алдын алып, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді», – деп мәлімдеді банк өкілдері.


Дегенмен, әзірге бұл мәселе тек қаралу кезеңінде, нақты шешім қабылданған жоқ. Қолданыстағы заңнамада зейнетақы төлемімен алынған жылжымайтын мүлікке шектеу қою тікелей қарастырылмаған.

«Бүгінде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алуға толық тыйым салу мәселесі күн тәртібінде жоқ», – деді банктің баспасөз қызметі.


Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағын пайдалану уақытша тоқтатылған. Бұл шешім тиісті өтініштерді рәсімдеу кезінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталған соң қабылданған.