13 қар, 2024 сағат 10:37

Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бір жылда жеті пайызға жуық қымбаттады

Фото: Pexels.com

Нақтырақ айтқанда, қазанда тұрғын үйді жалға алу өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға өсті.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы шамамен 4%-ға, ал жаңа үйлердің бағасы 2,3%-ға қымбаттаған.

  • ▪️ Екінші нарықтағы үйлер бағасы ең көп Атырау (+24,7%) және Астана (+11,3%) қалаларында өскен.
  • ▪️ Жалға алу ақысы ең көп Оралда (+24,2%), Шымкентте (+21,9%) және Петропавлда (+21%) қымбаттаған.
  • ▪️ Жаңа үйлер бағасы Таразда (+8,6%), Ақтөбеде (+7,9%), Талдықорғанда (+7,2%), Көкшетау мен Қызылордада (+7,1%) айтарлықтай өскен.

Бір ай ішінде (қыркүйекпен салыстырғанда) жаңа жылжымайтын мүлік пен жалға алу ақысы ел бойынша 0,6%-ға өсті. Ал екінші нарықтағы үйлердің бағасы аздап төмендеді (0,4%-ға). Жылжымайтын мүлік бойынша мәмілелер саны азайды (39,2 мың). Тұрғын үй нарығы ең белсенді Алматы, Астана және Қарағанды облыстарында.

Ең көп сатылатын және сатып алынатын пәтерлер – бір бөлмелі пәтерлер. Өткен айда жеке үйлерді сатып алу көрсеткіші азайды (-3,8%).

«Жеке үйлер бойынша ең көп мәміле саны Ұлытау (+42,9%), Түркістан (+21,6%) және Абай (+11,7%) облыстарында байқалады. Ал ең үлкен төмендеу Солтүстік Қазақстан (-28,5%), Батыс Қазақстан (-21,9%) және Маңғыстау (-21,6%) облыстарында орын алды. 2024 жылдың қазан айында тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 18,7%-ға өсіп, 32 975 мәміле тіркелді», — деп хабарлады ҰСБ.