Қазақстанда тұңғыш рет 10 томдық «Дала фольклорының антологиясы» шықты. Кітаптардың электронды, аудио нұсқалары бүгінгі заманға сай дайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аталған топтама – қазақ фольклорының барлық жанрының таңдаулы үлгілерін жинақтаған, түрлі-түсті суреттермен, этнографиялық сөздікпен, электронды, аудио нұсқасы қамтылған, он мың таралыммен жарияланып отырған еліміздегі тұңғыш толымды антология», - деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Насихат Мұрсалимова.
Антология – қазіргі кезде тарихшыларға, психологтарға, қоғамтанушыларға, мәдениеттанушыларға, әдебиетшілерге, тілшілерге, этнографтарға, қазақ өмірін зерттейтін қоғамдық-гуманитарлық пәндердің барлығына, сонымен қатар Қазақстанның жоғары оқу орындары, арнаулы және жалпы білім беретін оқу орындарының оқу құралдары ретінде қолданылады.
«Дала фольклорының антологиясы» 1-10 томдарының кітаби нұсқасы еліміздің қолжазба қорлары мен бұрын жарияланған жинақтардың, сондай-а, алыс-жақын шетелдердегі қазақ диаспораларының материалдарын жете саралап, іріктеу негізінде дайындалды.
Антологияның аудионұсқасын дайындау – өте күрделі әрі жауапты жұмыс болды. Оған дәстүрлі халық музыкасын, ән-жырын жазып, жариялауға машықтанған кәсіби тәжірибесі бар, заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын білікті мамандар жұмылдырылды. Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздары, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар, танымал актер-дикторлар тартылды. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды.
Антологияны баспаға дайындау жұмыстарын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалым мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды және олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың Ғылыми кеңесі басшылық жасады.
Нәтижесінде «Дала фольклоры антологиясының» 10 томы «Brand Book» баспаханасынан жарық көрді: 1-том. «Батырлар жыры»: 2-том: «Батырлар жыры»; 3-том: Тарихи жырлар; 4-том: «Ғашықтық жырлар»; 5-том: «Дастандар»; 6-том. «Ғұрыптық фольклор»; 7-том. «Прозалық фольклор: Ертегілер»; 8-том. «Прозалық фольклор: Аңыздар»; 9-том. «Халық өлеңдері»; 10-том. «Ғибратты фольклор. Шағын жанрлар».
Қазіргі күні антологияның үш томы орыс және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр.