17 шіл, 2025 сағат 18:39

Қазақстанда туберкулезді 2 сағатта анықтау мүмкіндігі пайда болды

Фото: ҚР ДСМ

Қазақстанда туберкулезді ерте анықтауға мүмкіндік беретін заманауи молекулалық-генетикалық диагностикалық әдістер енгізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы хабарлады.

Жаңа әдіс Koch таяқшаларын (туберкулез микобактерияларын) бар-жоғы 2 сағат ішінде анықтап, олардың туберкулезге қарсы препараттарға дәрілік сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл — науқастарды емдеуді жедел бастауға және індеттің таралуын азайтуға ықпал ететін маңызды жаңалық.

Сонымен қатар, барлық өңірлік фтизиопульмонологиялық орталықтарда туберкулезді анықтаудың халықаралық стандарттарға сай барлық зертханалық әдістері қолжетімді.

Ұлттық референс-зертханада енді геномдық секвенирлеу әдісі де қолданылып жатыр. Бұл технология аурудың генетикалық ерекшеліктерін терең зерттеп, тиімді емдеу тәсілдерін таңдауға көмектеседі.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында туберкулезге күдікті 44 941 адам XpertMTB/Rif әдісімен тексерілген. Нәтижесінде 4 230 оң жағдай (9,4%) анықталған.

Анықталған науқастармен байланыста болған 8 633 адамға профилактикалық ем жүргізілген.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл әдістің тиімділігі арқасында туберкулезді ерте анықтап, аурудың өршуін тоқтатуға нақты қадам жасалып жатқанын атап өтті. Жаңа технологиялармен жабдықталған зертханалар мен жедел диагностика — қоғамдық денсаулықты қорғаудың негізгі құралдарының бірі.