Фото: gov.kz
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы су тапшылығына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 100 текше шақырымнан астам су жиналады. Соның ішінде 54 проценті елдің ішінен шығады. Ал қалған 45 проценті трансшекаралық өзендер арқылы келеді.
"Бүгінде біз 25 текше шақырым суды пайдаланып отырамыз. 65 пайызы ауыл шаруашылығына кетсе, 25 пайызын өндірістік кәсіпорындар пайдаланады. Ал 5 пайыздан астамы халықтың коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктеріне жұмсалады. Ауыз суы бар және тағысын тағы", - деді Нұржігітов сенатта өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, қазіргі кезде әрбір әкімдікпен бірлесіп кешенді жоспар жасалды. Онда жаңа су қоймаларын салу, гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру, ирригациялық жүйелерді жөндеу және ылғалды сақтау технологияларын арттыру шаралары қарастырылған.
"Мұның барлығы 2030 жылға дейін 10 мың текше шақырым шамасында суды үнемдеп, жинап қоюға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта су тапшылығын көріп тұрған жоқпыз", - деп атап көрсетті министр.