13 там, 2021 сағат 19:10

Қазақстанда спортшылардың Олимпиададағы нәтижесіне талдау жасалады


Токиодағы Олимпиадада Қазақстан спортшыларының нәтижесіне тиісті мемлекеттік құрылымдар талдау жасайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алдағы апталарда ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті республикалық федерациялармен әрі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе Олимпиадада ұлттық құрама командалардың нәтижесі мен дайындығына қатысты талдау жұмысын жүргізеді. 10 қыркүйекке дейін спорт федерациялары Олимпиада ойындарына қатысу бойынша тыңғылықты есепті ұсынады. Онда спортшылардың сәтті немесе нәтижесіз өнер көрсетуі мәселесіне қатысты талдау болады. Қыркүйектің соңына қарай біз соңғы қорытындыны шығарамыз. Осыдан кейін қателіктерді түзету мен келесі олимпиадалық циклге дайындық жұмыстары басталады», - деді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның пайымынша, Токиоға жақсы команда барды. 

«Нәтижеге қарамастан, біздің спортшылардың әрқайсысымен мақтан тұтамыз. Олар пандемия жағдайында дайындықтың қиын кезеңін еңсерді. Оларға дейін ешкім де осындай ахуалға тап болмады», - деді Андрей Крюков.

Ал Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев боксшылар командасының нәтижесін "сәтсіздік" деп атады.

"Әр нәрсені өз атымен атайтын уақыт келді ғой, "сәтсіздік" деп айтқан өте орынды шығар. Өйткені өте төмен нәтиже болды. Қазір көшеге шықсақ, бәрі бокс ахуалын айтады. Сондықтан біз үшін өте нашар көрсеткіш, ешкімді ақтамаймыз, өзімізді де ақтамаймыз", - деп атап көрсетті Артаев.

Оның айтуынша, алдағы уақытта боксшыларды дайындау жүйесі өзгеруі мүмкін. Себебі Қазақстанда әлі күнге дейін кеңестік жүйені қолданылады.

"Біз совет үкіметінің дайындығынан әлі күнге дейін арыла алмай келе жатырмыз. Күніне үш мезгіл дайындықтың өзі балаларға өте ауыр. Сондықтан дайындық кезеңі өзгеруі мүмкін. Бапкерлер мәселесін қарастырамыз және боксшылар рационын да өзгертетін шығармыз", - деді Артаев.

Осы орайда журналистер әлеуметтік желіде боксшылардың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевты жиі сынға алып жатқанын еске салды. Тіпті, оны отставкаға жіберу керек дейді. Артаев осы мәселеге қатысты шешім бар екенін жеткізді.

"Бұл сұраққа жауап дайын. Шамалы сабыр етсеңіздер, бұл сұрақтардың бәріне іс жүзінде жауап береміз. Бір апта көлемінде шамалы уақыт беріңіздер", - дейді Артаев.

Айта кетері, Токио Олимпиадасына 97 қазақстандық спортшы барған. Олардың ішінде 8 адам ғана жүлдеге ілінді. Барлығы қола медальмен елге қайтты. Ал боксшылар екі қоланы қанағат тұтты.