Қазақстанда спорт төрешілерінің жалақысына баға белгілеу көтерілмек. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәурен Абаев министрліктің кеңейтілген алқа отырысында «Дене тәрбиесі және спорт туралы» Заңға сәйкес, спорт федерациялары барлық санаттағы спорт төрешілерін дайындауды жүзеге асыруға міндетті екендігін айтты.
«Бүгінде елімізде 4 276 төреші бар. Оның 413-і халықаралық санатқа ие және тек 12 төреші ғана Токиодағы Олимпиада ойындарына төрелік жасауға жұмылдырылған. Бұл факті аталған бағыттағы жұмыстың әлсіз екендігін көрсетеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, федерациялардың төрешілерді дайындауға мүдделік танытпауына жалақының төмен бөлуі себеп болып тұр.
«Щучьеде де айттым, спорттық жарыстың бір күніне қызмет көрсеткені үшін төрешіге 1 239 теңгеден бастап төленеді. Осыған орай спорттық төрешілердің жалақысына баға белгілеуді көтеру ұсынысын әзірлейміз. Бұл іс жүзінде волонтерлік, ақы төленбейтін жұмыс болып тұр. Сондықтан осы жүйені жолға қою керек», - деді Дәурен Абаев.