2020 жылдың 16 желтоқсаннан бастап Қазақстанда шетелдік банктерде тікелей филиалдарын ашуға рұқсат беріледі.
Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«2020 жылдың 16 желтоқсанынан шетелдік банктерге тікелей филиалдарын ашуға рұқсат беріледі. Бұл ретте қаржы секторының жауапкершілігін сақтау мақсатында шетелдік банктердің минималды жарғылық капиталына талап сақталады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалған жер қойнауын пайдаланушыларға арналған келісімшарттарда қазақстандық қамту талаптары алынып тасталады. Дегенмен Үкімет өтпелі кезең қорытындысына орай Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ тұрғысында рұқсат берілген отандық өндірісті қолдаудың балама шараларын әзірлейтіндігін хабарлаймыз», - деді Асқар Мамин.
Оның атап өтуінше, 2015 жылыдң 30 қазанында Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық мүше елдері Қазақстанды қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ететін және халықаралық құқықтық нормаларға сай сауда саясатын жүргізетін тең серіктес ретінде мойындаған.
«Қазақстан ДСҰ-ға кірген сәттен бастап ел экономикасына шамамен 67 млрд доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясы тартылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 19, қызмет көрсету секторына 32 және мұнай-газ және өндіру секторына 46,5 пайызы тиесілі. Бұған қоса, экономиканың шикізаттық емес секторына, сонымен қатар қызмет көрсету саласына инвестиция ағынының артуы байқалады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.