19 мау, 2025 сағат 15:44

Қазақстанда пойыздар спутниктік интернетке қосылады


Бұл туралы Президенттің Stadler Kazakhstan зауытымен танысуы барысында айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Мемлекет басшысына Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа темір жол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді.

"Отандық ІТ компаниялар жолаушыларға арналған бірыңғай цифрлы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді. Сондай-ақ пойыздар спутниктік интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында видеотіркеулер, мобильді терминалдар, жасанды интеллект технологиясы негізінде мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады", - делінген Ақорда хабарламасында.


Бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр.