11 қыр, 2025 сағат 15:57

Қазақстанда отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтайтын жаңа жүйе сынақтан өтуде

Фото: ҚР Еңбек министрлігі

Қазақстанның екі өңірінде отбасылардың тұрмыстық жағдайын бағалаудың баллдық үлгісі енгізіліп, мемлекеттік қызмет көрсетудің жаңа тәсілі сынақтан өтуде. Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бірыңғай цифрлық платформасы арқылы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Жаңа жүйе әр отбасының әлеуметтік жағдайын 23 көрсеткіш бойынша бағалайды: табыс, мүлік, көлік, несиелердің болуы, денсаулық, білім деңгейі және басқа да факторлар. Нәтижесінде отбасылар алты санатқа бөлінеді – аса мұқтаждықтан бастап жоғары әл-ауқат деңгейіне дейін.

Алғашқы бес санаттағы отбасыларға жергілікті бюджет есебінен қосымша қолдау автоматты түрде тағайындалады. Бұл мектепте тегін тамақтандыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, тұрғын үй көмегі, санаторийлік емдеу сияқты шараларды қамтиды. Ал жағдайы жақсы 6-санаттағы отбасылар мұндай қолдаудан тыс қалады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл тәсіл көмекті барлығына бірдей емес, шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жаңа үлгі республикалық бюджеттен төленетін барлық негізгі әлеуметтік жәрдемақыларға әсер етпейді. Зейнетақы, бала күтімі бойынша төлемдер, көпбалалы және марапатталған аналарға берілетін жәрдемақылар бұрынғыдай сақталады.