Қазақстанда орташа жалақы тағы да өсіп, 162 мың теңгеден асты. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігі хабарлады, - деп жазады sputniknews.kz.
Естеріңізде болса, министр Тимур Сүлейменов үкімет отырысында биылғы жылдың қаңтар-сәуірінде орташа айлық жалақы 152,3 мың теңгені құрап, нақты көріністе 1,2%-ға өскенін мәлімдеген еді. Ал 2018 жылдың екінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 162 751 теңгені құрап отыр.
Салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде –335,3 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 273,2 мың теңге (1,7 есеге асты), өнеркәсіп саласында – 224,7 мың теңге (1,4 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында – 238,4 мың теңге (1,5 есеге асты), құрылыс саласында – 212,8 мың теңге (1,3 есеге асты) белгіленді.
Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде белгіленді – 93,7 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 42,4%-ға төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Атырау облысында белгіленді – 291,3 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,8 есеге асады. Жамбыл облысында мұның шамасы 111,2 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 31,7%-ға төмен.