29 қыр, 2025 сағат 11:03

Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы New York Film Academy филиалы ашылды

Фото: ҚР ҒЖБМ

27 қыркүйекте Қаскелең қаласында әлемге әйгілі америкалық кино мектебі – New York Film Academy Kazakhstan ресми түрде ашылды. Energo University мен Dala Edge креативті паркі базасында құрылған жаңа филиал – Орталық Азиядағы NYFA-ның алғашқы оқу орны, деп хабарлайды Ult.kz.

Салтанатты рәсімге New York Film Academy президенті әрі CEO-сы Майкл Янг, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.

Ашылу шарасы кинематографиялық стильде ұйымдастырылып, қонақтарды ерекше «съемка дублі» қойылымымен қарсы алды. Студенттер мен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркин сөз сөйлеп, жаңа академияның аймақ үшін мәдени және шығармашылық маңызын атап өтті.

Қонақтар оқу орнының инфрақұрылымымен танысып, кітапхана, дәрісханалар, дыбыс жазу және монтаж студиялары, сондай-ақ Dala Edge шығармашылық кеңістігін аралады.

Күннің екінші жартысында студенттер үшін халықаралық деңгейдегі мамандардың тәжірибелік шеберлік сабақтары өтті. Олардың қатарында режиссер Роб Пьетри, актер Марк Мочаби, AR технологиялары сарапшысы Кевин Кейтон, продюсер Майкл Хсюэ, клипмейкер Ладо Кватания, қазақстандық продюсер Қуаныш Бейсек, сценарист Гүлжан Токтогул, режиссер Болат Ақназар, VFX маманы Денис Вежновец, сценаристер Санат Шапашов пен Сергей Литовченко, сондай-ақ актер әрі NYFA оқытушысы Тодд Бруно бар.

Кеш соңында «CIS MEDIA MARKET TOMORROW: CHALLENGES, FOCUS, COMMUNITY» атты панельдік пікірталас өтіп, өңірлік медиа нарығының болашағы талқыланды.

New York Film Academy президенті Майкл Янг Қазақстандағы жаңа филиалдың ашылуын үлкен жетістік деп бағалап, бұл жоба өңір таланттарын жаһандық кино индустриясына танытатын алаң болатынын атап өтті.