25 ақп, 2022 сағат 17:35

Қазақстанда олимпиадаға даярлау орталықтары ашылады


Елімізде олимпиада ойындарына даярлайтын орталықтар ашылмақ. Бұл туралы Щучинскіде өткен Бейжіңдегі XXIV қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыста белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Спорттық резервке қатысты келесі жайт, өңірлік, қалалық және ұлттық деңгейдегі олимпиадалық резервті даярлау орталықтарының қызметімен байланысты. Қазіргі уақытта республикалық олимпиадаға даярлау орталықтарын ашу мәселесі пысықталып жатыр. Орталықтардың өз спорттық базалары болады. Сондай-ақ, жас спортшыларды даярлаудың негізгі сатыларының бірі интернат үлгісіндегі спорттық білім беру мекемелері. Бұл бастаманы да қолға алу жоспарда бар», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев. 

Министрдің мәліметінше, бүгінде 12 өңірде спортта дарынды балаларға арналған 13 облыстық мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. 

«Спортшыларды даярлау сапасын арттыру үшін оларды барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Облыстық бюджет есебінен және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде қосымша спорт базаларын салу қажет деп санаймын. Әсіресе, ұлттық құрама командаларды даярлауда сапаға баса назар аудару қажет», - дейді ол.