05 мам, 2025 сағат 17:35

Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірленеді

Фото: ашық дереккөз

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында химия және мұнай-химия саласын дамыту мәселесі қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.

Олжас Бектенов мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеуді тапсырды.

«Мұнай-газ бизнесі өкілдерімен өткен кеңесте мұнай-газ химиясы саласы туралы жеке заң әзірлеу мәселесі көтерілді. Бұл бастаманы қолдаймын.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Әділет министрліктеріне осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Үкімет Аппаратына тиісті заң жобасын енгізуді тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов.


Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес, жалпы құны шамамен $15 млрд болатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Жобаларды іске асыру шамамен 3,5 мың тұрақты жұмыс орнын және құрылыс кезеңінде 16 мыңнан астам уақытша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған шаралар саланы кешенді ынталандыруға және өңір экономикасын дамытуға бағытталған.