Қазақстанда тиісті заңға мұнай-газ-химия жобаларын табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Бұл жөнінде Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда шикізат ретінде газды пайдалана отырып, мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша бірқатар жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Алайда бұдан бұрын осы жобаларды газбен қамтамасыз ету тетігі орнатылмаған.
«Министрлік мұнай-газ саласының шикізаттық бағыттарынан қосылған құны жоғары өнім шығаратын мұнай-газ-химия өндірістерін құру үшін тұрақты негізде жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Табиғи газ - газ химиясы үшін құнды шикізат. Газдың барлық бағалы компоненттерін алу дәрежесін арттыру және тиімді пайдалану жаңа химиялық материалдардың тұтас кластеріне жаңа серпін береді. Газ-химия өнімі - өте бағалы экспорттық өнім. Оны сату газды сатуға қарағанда әлдеқайда тиімді. Газды өңдеудің төрт-бес сатысынан кейін (мысалы, газ→этан→этилен→полиэтилен→полиэтилен бұйымдары) соңғы өнімнің құны шамамен 5-6 есе өседі. Алайда, осында н егізгі мәселелердің бірі - шикізатпен қамтамасыз ету болып отыр» делінген минитсрлік таратқан хабарламада.
Аталған мәселені шешу мақсатында «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға түзетулер енгізілген.
Заңды іске асыру шеңберінде Энергетика министрінің 29 сәуірдегі бұйрығымен Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобалардың тізбесін жасау қағидалары бекітілген.
Онда инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау тетігі көзделген.
«Тетікке сәйкес жобалар макроэкономикалық, әлеуметтік, экологиялық және техникалық көрсеткіштер базасында олардың артықшылықтарын сипаттайтын өлшемдер негізінде балдық жүйе бойынша бағаланады. Қосылған құны жоғары базалық газ-химия өнімдерін өндіру мұнай-газ саласындағы терең өңдеуді дамыту үшін берік негіз бола отырып, біздің технологиялық даму стратегиямызға сәйкес келеді» деп мәлім етті ведомстводан.