07 мау, 2018 сағат 10:30

Менингиттің шарықтау шегінен өттік - Жандарбек Бекшин

Қазақстанда менингитпен ауру көрсеткіші төмендей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы - ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

«Аурудың беті қайтты. 17-ші апта шарықтау шегі болды, бұл кезде республикада бір аптада - 15, Алматы қаласының өзінде 13 адам тіркелді. Сол шарықтау шегінен өттік. Бүгін қуанып отырмыз, Алматыда төрт тәуліктен бері менингококтық инфекциямен келіп тіркелген ешкім жоқ», - деді ол. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, бүгінгі таңда республика бойынша 24, Алматыда 12 науқас емделіп жатыр.

«Алматыдағыларды ауруханадан шығарып жатырмыз, 14 науқас емделіп шықты, осының өзі аурудың беті қайтқанын көрсетеді», - дейді бас санитар.

"Үш бала жансақтау бөлімінде жатыр, біреуі – Алматы облысында, екеуі – Астанада. Алматыда жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Бүгінде Алматыда 360 адам ерікті түрде өзіне вакцина салдырды", — деді ол. 

Сондай-ақ, бас санитарлық дәрігер облыс орталықтарында қауырт жел жұмыс істейтінін атап өтті. Облыстық Call орталықтарға екі күн ішінде 8 мыңға жуық қоңырау түскен.