12 мау, 2020 сағат 14:16

Қазақстанда мемлекет меншігіндегі 863 нысан жекешелендіріледі

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда 863 мемлекеттік меншік ұйымы жекешелендірілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кешенді жоспар бойынша 863 мемлекеттік меншік ұйымы мен квазимемлекеттік сектор нысанын жекешелендіру қарастырылған. Мұндағы мақсат - экономикадағы мемлекеттің үлесін 15%-ға дейін қысқарту. Қазір бұл үлес жалпы ішкі өнімнің 16,2%-ын құрайды», - деді Ерұлан Жамаубаев ОКҚ алаңында өткен халыққа есеп беру кездесуінде. 

Оның айтуынша бұған дейін 534,1 млрд теңгеге 503 нысан сатылған.

«Тағы 298 нысан қайта құруға және таратуға бағытталды. Оның ішінде 220-ы қайта құрылып, таратылады. Жоспардың орындалуы сатылған және қайта құруға немесе таратуға жіберілген нысандарды қоса алғанда, 93%-ды, ал сауда-саттықта тұрғандарды есепке алғанда - 96,8%-ды құрайды. Кешенді жоспар аяқталғанға дейін 62 нысан сату жұмысы қалды. Оның 34-і сауда-саттықта тұр», - дейді ол.