«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ желілерінде 2020 жылдың қыркүйегінде жалпы жүк тиеу көрсеткіші өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға, яғни 22,5 мон тоннаға өсті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қыркүйек айында тас көмірді тиеу мөлшері 8,6 млн тоннаға жетті. Оның ішінде республикалық бағытта 5,9 млн тонна тиелсе, экспортқа қатты отынның 2,7 млн тоннасы жөнелтілді. Әлеуметтік маңызды екінші жүктің, яғни бидайды тиеу көрсеткіші 885 мың тоннаға жетіп, өткен жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіштен 28 пайызға жоғары мөлшерді көрсетті», - деп хабарлайды «ҚТЖ — Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Жалпы жүк тиеу саласында оң динамика қара металл (42 пайыз – 423 мың тоннаға дейін), химиялық тыңайтқыштар (8 пайызға – 318 мың тоннаға), темір және марганец кені (6 пайызға – 2,5 млн тонна), түрлі-түсті кен (10 пайызға – 2 млн тонна) саласында байқалады. 2020 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы тиеу мөлшері 180 млн тоннаға жеткен. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалып отыр.
«Осы уақыт аралығында 73 млн тоннадан артық тас көмір тиелді. Оның 20,8 млн тоннасы – экспорт. Қазақстан бойынша қатты отынды тиеу мөлшері 5 пайызға артып, 52 млн тоннаға жетті. 6,1 млн тонна бидай әкелінді. Оның 4,4 млн тоннасы – экспорттық өнімдер», - делінген хабарламада.