Қазақстанда 2020 жылдың қаңтарында жан басына есептегенде күнкөріс минимумы 30 мың теңгеге жетіп, 11,6 пайыз өсімді көрсетіп отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" finprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.
Зерттеуге сүйенсек, тура бір жыл бұрынғы көрсеткіш 26,9 мың теңге болып, жылдық өсім 4 пайызды құраған.
«Биыл қаңтар айында тауарлар мен қызметтердің бағасы өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 5,6 пайызға өсті. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 9,2 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 5,2 пайыз, ақылы қызметтер 1,4 пайыз деңгейге өсті. Ең жоғары күнкөріс минимумы бұрынғыша Маңғыстау облысында - 35,4 мың теңгелік деңгейде. Бұл бүкіл ел бойынша орташа деңгейден 18 пайызға жоғары көрсеткіш», - делінген зерттеу қорытындысында.
Көнкөріс минимумының мөлшері бойынша үздік үштікті Нұр-Сұлтан қаласы (33,5 мың тг) мен Алматы (33,1 мың тг) түйіндейді. Үздік бестік сапында сонымен қатар Алматы (30,7 мың) мен Түркістан (30,3 мың) облыстары тұр. Жалпы елде алты өңірде күнкөріс минимумының мөлшері орташа республикалық деңгейден жоғары.
Ал күнкөріс минимумының төменгі деңгейі Павлодар (26,3 мың тг), Батыс Қазақстан (26,9 мың тг) және Ақтөбе (27,2 мың тг) облыстарында байқалады.