2019 жылдың бірнші жартыжылдығында Қазақстанда қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі 2 есеге өсті, деп хабарлайды ranking.kz сайты.
«2019 жылдың қаңтар-маусымында қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі жыл ішінде 2 есеге өсіп, 4,8 трлн теңгені құрады. Ал осы кезеңдегі транзакциялар саны 192,8 миллионнан 460,3 миллионға дейін артты. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің сомасы 2,2 трлн теңгені құраған еді», - деп жазады портал.
2018 жылдың ішінде интернет арқылы бөлшек сауда көлемі 144,6 млрд теңгені құрап, бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі 1,4 пайызға тең болды.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, сауда-саттықтың шамамен 40 пайызы әлі де көлеңкеде қалып отыр, яғни салық салынбайды. Сауданы көлеңкеден шығару тетіктерінің бірі – сауда инфрақұрылымдарын, оның ішінде сауда базарларын жаңғырту. Мәселен, тұрақсыз базарлардың барлығын кезең-кезеңімен заманауи сауда форматына көшіру жоспарланған.
Көтерме-бөлу орталықтарының құрылысы бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, ведомство электронды коммерция саласын дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.