13 наурыздан бастап Қазақстанда конференция, семинар, көрме сияқты қоғамдық, мәдени көпшілік шаралар өткізуге тыйым салынады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов 12 наурыз күнгі брифинг кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері, халық көп жиналатын орындар, қоғамдық тамақтану орындары, халықты қамтамасыз ету орталықтары, коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, базарлар, вокзал, әуежайлар, қонақүйлер күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимге көшеді. Бұған қоса қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық нысандарға, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға арналған оқу орындарына баруға тыйым салынады. Қоғамдық көліктерді дезинфекциялау жұмыстары жүреді. Сауда орындарындағы кинотеатрлар уақытша жабылады. Сондай-ақ, каникул кезінде оқушыларға өңірден тыс жерлерге экскурсия жасауға рұқсат етілмейді.
"Орта білім беру орындары каникулға 2020 жылы 16 наурыз - 5 сәуір аралығында шығады, 16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО-ларды қашықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтан жүргізуге ауыстыру қажет" деді ол.
Оның айтуынша, осы аптада өтетін "Барыс" хоккей клубының ойынына көрермендер қатыспайды.
"1а, 1б, 2-3 санаттағы елдердегі халықаралық спорттық мәдени туристік іс шараларға баруға тыйым салу сияқты уақытша шаралар қабылданады" деді Ералы Тоғжанов.
Ол той, туған күн сияқты көпшілік шараларды өткізбеуге де кеңес берді.
Бейсенбілік брифинг кезінде "азық-түлік тапшылығы", "дүкен сөрелерінің босағаны" туралы сыбыстарға да жауап берді.
- Бізде азық-түліктің негізгі 19 түрі бар. Қазақстан бұл азық-түлік түрлері бойынша жарты жылға дейін өзін қамтамасыз ете алады. Азық-түлік қауіпсіздігі бақылауда, - деді вице-премьер.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 4800 адам карантинде немесе үйде дәрігерлер бақылауында отыр.
"12 наурызға барлығы 96 адам дене қызуымен және жедел респираторлық вирустық инфекциямен, оның ішінде 1 «б» санаты бойынша – 23 адам, 2-санат бойынша – 38 адам, 3-санат бойынша – 35 адам емдеуге жатқызылды. Емдеуге жатқызылған 96 адамның ішінен 52 адам шығарылды. 44 адам стационарда жатыр" делінген министрлік хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда коронавирусты анықтау бойынша төрт мемлекеттің тесті бар.
- Қазір барлық аймақта санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар жұмыс істеп тұр. [Коронавирусты анықтайтын] Арнайы тестер бар. Төрт мемлекеттің тесті бар: Ресей, Қытай, Германия және Қазақстан. Бізде жалпы 15 мың тест болған. Бес мыңын пайдаландық. Қазір 10 мың бар. Қосымша 60 мың тест алып жатырмыз. Әрбір науқасты 2-3 тестпен тексереміз. Бұл басқа мемлекеттер пайдаланып жүрген тестер. Бұрын кейбір жағдайда Ұлыбританияға жіберіп тексерткенбіз. Тестер жақсы жұмыс істеп тұр. Осы тест бойынша бізде коронавирус инфекциясы табылмады, - деді Елжан Біртанов.
12 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де "қоғамдық шараларды өткізуге тыйым салынады, азаматтар азық-түлік және тауармен үздіксіз қамтамасыз етіледі" деп жазды.
Қазақстанда ресми дерек бойынша, коронавирус ешкімнен табылмаған. Әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 122 мыңнан асты.