Энергетика министрлігі 1997 жылғы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орны мердігерлік учаскесінің өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім шеңберінде Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Келісім бойынша Батыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға 10 040 126 доллар мөлшерінде қосымша қаражат бөлу ұсынылып отыр.
«Атап айтқанда Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданы Ақсай қаласының ауруханасында шұғыл медициналық көмек қызметін жаңғырту, мемлекеттік колледж базасында кәсіби оқу орталығын құру ұсынылды. Сондай-ақ, БҚО Бөрлі ауданы Аралтал ауылында жерді қалпына келтіруге және жауын-шашын суын сорғыту жүйесін орнатуға қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр» деп хабарлайды министрліктен.
Жобалар тізбесі Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша жасалған.
Үкімет қаулысының жобасы «Ашық үкімет» порталында жарияланған. Жария талқылау 5 қазанға дейін жалғасады.