27 қыр, 2024 сағат 15:44

"Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес": Тоқаев ел бірлігі туралы айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

"Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.