Фото: «Respublica» партиясы баспасөз қызметі
2024 жылдың 10-20 қазан аралығында «Respublica» партиясы ұлттық асық ойыны бойынша ересектер арасында ашық турнир ұйымдастырады, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл шара Республика күніне орайластырылып, еліміздің әр аймағында өтетін іріктеу кезеңдерінде 21 жастан асқан 40 қатысушы жарысады. Әр өңірден жеңімпаз болған екі спортшы республикалық деңгейдегі финалға жолдама алады.
Турнирдің финалдық кезеңі 25 қазан күні Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтіп, жеңімпазға автомобиль табысталады.
Осы іс-шараны ұйымдастырушы «Көшпенділердің Асық спорты» халықаралық федерациясы мен «Республикалық Асық ату» федерациясы ұлттық ойындарды насихаттауды көздеп отыр. Мәжіліс депутаты және халықаралық федерацияның президенті Олжас Құспековтің айтуынша, мұндай жарыстар ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге және спортшылардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік береді.
Айта кету керек, халықаралық асық федерациясы құрылғаннан бері 14 елде федерациялар тіркеліп, асық ойыны көшпенділер ойындарының тұрақты дисциплинасы ретінде танылған. Енді әр екі жылда әлем чемпионаты өткізіліп тұрады.