Қазақстанда халықты емханаға тіркеу науқаны аяқталды. Биылғы кампанияға еліміз бойынша 607 медицина ұйымы қатысты. Оның 82-сі шараға тұңғыш рет қатысып отыр. Бұл туралы Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева хабарлады.
Биыл емхана таңдау құқығын 300 мыңға жуық адам пайдаланған. Бәрінен Шымкент, Алматы, Астана қалалары, Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстары ерекше белсенділік танытқан.
«Кампания нәтижесі бұл бастаманың Астана, Алматы сынды ірі қалалар үшін ғана емес, аймақтар үшін де маңыздылығын көрсетіп берді. Бұл жолы қазақстандықтардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 13,5 мыңға жуығы egov.kz порталы арқылы онлайн тіркеу қызметін таңдаған», - деді Забира Оразалиева.
Алдағы уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылады. Бұл шешім жүйелі проблемаларды жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алу мақсатында қабылданып отыр.
«Бұған ешқандай алаңдаудың қажеті жоқ. Біріншіден, тіркелу үшін емханаға аяқтай барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтарда Connection Point бөлімшелері бар, олар egov порталына қосылған. Сол жерде арнайы кеңесшілер отырады. Екіншіден, Egov.kz жуырда Telegram ботын іске қосты. Смартфонның көмегімен осы бот арқылы бірер минутта тіркелуге болады. Үшіншіден, қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етілмейді», - деді З. Оразалиева.
МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, тіркеуге өтініш берген оңтүстік астаналықтардың бестен бірі egov порталы арқылы тіркелген. Бұл жұртшылықтың енгізіліп отырған жаңа бастамаларға дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетсе керек.
Биылғы тіркеу науқанына 607 медицина ұйымы қатысты. Оның 82-сі – кампанияға тұңғыш рет қатысып отырғандар. Аталған емханалар келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек.
Жалпы, тіркеу науқаны – емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Қазақстандықтардың жылына бір рет емхана ауыстыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады. Тіркеумен айналысатын емханалардың толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады.