05 шіл, 2024 сағат 11:13

Қазақстанда болған су тасқынына жаһандық жылыну процесі әсер етті – Тоқаев

Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ отырысында экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігіне тоқталды. 

Президенттің айтуынша, Қазақстанда болған су тасқынына жаһандық жылыну процесі әсер еткен. 

"Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.