17 нау, 2025 сағат 16:18

Қазақстанда бизнес жасау неге қиын?

Фото: trade-help.com

Кәсіпкер Шынар Құрманғали Қазақстанда сауда орнын жалға алу құны шарықтап тұрғанын жазды. Әсіресе, сауда орталықтарында кәсіп бастау оңай емес дейді кәсіпкер. 

Осыдан кейін ол сауда орталықтарында жалға алу құны қанша екенін айтты:

  • Кәдімгі суда ойын-сауық орталықтарында 1 м² 15 000 – 20 000 теңге;
  • Хан Шатыр мен Mega- да 1 м² – 100$ (45 000 теңге);

Бұған қоса, 2-3 айлық депозит төлеу қажеттілігі бар.

Мысалы, Mega Silk Way- ден 100 м² бутик алсаңыз: 

  • 15 млн теңге – депозит;
  • 5 млн теңге – ай сайынғы жалдау құны;
  • Барлығы 20 млн теңге – тек кіріп алу үшін;

Ал бұдан бөлек:

  • Жөндеу жұмыстары – 10 млн теңге;
  • Жиһаз – 8-9 млн теңге;
  • Тауар кіргізу – 20-30 млн теңге;
"Енді есептеңіз, кішігірім дүкен ашу үшін 50-60 млн теңге керек. Ал оның қай уақытта өтелетінін құдай біледі. Өтелмеуі де мүмкін... Көп ТРЦ (суда ойын-сауық орталығы. ред) жалға алушыларды ұзақ ұстап қалуға мүдделі емес. Себебі олар үшін көбірек адам кіріп, көбірек депозит төлегені тиімді. Біреу кірді – 2-3 айлық депозитін төлейді, біраздан соң кетеді, орнына жаңа адам келеді – тағы депозит. Осылай ауадан ақша жасап отырады", - дейді Шынар Құрманғали.


Сондай-ақ ол суда ойын-сауық орталықтары басшылары табысыңнан пайыз сұрайтынын айтып отыр. 

"Мысалы, “Mega” қосымша табысыңнан үлес сұрайды. Маркетинг деп м² үшін 1000 теңгеден тағы қосады. Коммуналка, басқа да төлемдерді үстінен жапсыра береді. Жергілікті кәсіпкерлер қиналады, ал шетелдіктерге жеңілдік жасалады", - дейді кәсіпкер.


Сауда орталықтары Zara, Waikiki сияқты брендтерге жалдауға арзан бағамен береді. Оларды тіпті жалынып шақырады, дейді ол.

"Оларға 1 м² 5000 теңгеден, ал өзіміздің кәсіпкерлерге 15 000 – 45 000 теңге", - дейді ол.


Кәсіпкер осыдан кейін әділдік бар деп қалай айтамыз деп налиды.

"Біздің елде кәсіп бастау қиын емес, оны жүргізу қиын. Кәсіпкерлерге қолдау жоқ, керісінше, барынша қинап, мүмкіндігін шектеп тастаған.  Ал арендаға берушілер ойларына келген бағаны қояды. Олар ешкімге бағынбайды", - деп жазды Шынар Құрманғали.