Фото: Pexels.com
Биыл 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа 125-1-бап енгізілді. Бұл бап адамды неке қиюға немесе бірге тұруға мәжбүрлеу мақсатында ұрлағандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырады, деп хабарлайды Ult.kz.
Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатады. Кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал егер қылмыс ауырлататын жағдайда жасалса, жаза мерзімі он жылға дейін ұлғаяды.
Бұған дейін заңда жәбірленушіні өз еркімен босатқан жағдайда жазадан босату қарастырылған еді. Алайда жаңа түзетулер бұл норманы алып тастады — енді жазалау жәбірленуші босатылғанына қарамастан қолданылады.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, түзетулер күшіне енгеннен кейін Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында жеті қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында 15 адам ұсталып, әрбір дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
ІІМ азаматтарды зорлық-зомбылық пен неке қиюға мәжбүрлеу жағдайларына бейжай қарамауға және мұндай фактілер туралы дереу 102 нөміріне хабарлауға шақырды.
