Қазақстанда 52 млрд теңгенің 43 жобасы аяқталмай қалған. Бұл туралы Парламент Сенатында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл тиімділік призмасы арқылы мемлекеттік ресурстарды шығындау мәселесін пилоттық режимде тексеріп көрдік. Салынған мемлекеттік инвестициялардың экономикалық тиімділігіне талдау жүргізілді. Нақтырақ айтқанда экономиканың дамуына тікелей ықпал ететін шығындар бағаланды. Бұл тек даму бюджеті ғана емес, капиталдық шығындар мен субсидиялаулар, несиелеулер. 2019 жылы мұндай шығындардың мөлшері республикалық бюджеттің жалпы 14 пайызын құрады. Дәл осы жинақ экономиканың өсімі үшін ресурстарды түрлендіруге мүмкіндік береді», - деді Наталья Годунова.
Есеп комитетінің айтуына қарағанда шығындар құрылымындағы көлемнің 14 пайызының ішінде құрылыс саласына, мақсатты трансфертке ресурстың 40 пайызы жұмсалған.
«Сонымен бірге халық үшін маңызы бар басталып қойған, алайда аяқсыз қалған әртүрлі жобалар қордаланып қалды. Әкімдіктермен бірлесе отырып 52 млрд теңгелік дәл осындай 43 жобаны санап шықтық. Шығын шыққанымен ол жобалардың кейбірі аяқталмайтын да секілді. Жеке жобалар бойынша кей мерзім 5 жылға дейін созылып кеткен. Қай өңірде қандай нысандар туралы әңгіме айтылып отырғанын бәрі де біледі. Әлбетте ол жобаларды аяқтауға қосымша қаражат керек. Ал аймақта ол сома жоқ. Бұл факттар Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне ие жобаларды қаржыландыру туралы тапсырмасына қарама-қайшы келеді», - деді Наталья Годунова.