2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жиналған Қазақстан азаматтарының бірыңғай жиынтық төлемінің (БЖТ) жалпы көлемі 924,1 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылғы 31 қаңтарға дейінгі кезеңде БЖТ төлеушілер санатындағы бейресми жұмыспен қамтылған 297 мың азамат жалпы сомасы 924,1 млн теңгеге 562,3 мың мәрте төлем жасаған.
«421,5 млн теңгелік соманы елорданың, республикалық және облыстық маңызы бар қаланың тұрғындары 166,9 мың мәрте төлем жасаса, 502,6 млн теңгелік 395,4 мың төлемді басқа елдімекендердің тұрғындары жүзеге асырды», - деп хабарлайды министрліктен.
Еске сала кетейік, БЖТ – бұл бейресми жұмыспен қамтылған адамдарға жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін режім. БЖТ жылдық жиынтық табысы 1 175 АЕК (2020 жылы – 3 млн 115 мың теңге) аспайтын жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтар үшін енгізілген. Ол 4 төлем - жеке табыс салығын, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударымдарды қамтиды.
Қала мен ауыл тұрғындарының кірістеріндегі айырмашылықты ескере отырып, қала тұрғындары үшін БЖТ мөлшері 1 АЕК немесе 2 651 теңгені құраса, ауыл тұрғындары үшін - 0,5 АЕК, яғни 2020 жылы 1 325,5 теңге шамасында болып отыр.
Бірыңғай жиынтық төлемнің үлесі:
- 10 % – жеке табыс салығы;
- 20 % - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;
- 30 % - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарналары;
- 40 % - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар.
БЖТ төлеу азаматтарға мынадай мүмкіндіктер береді:
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу және МӘМС енгізгеннен кейін медициналық мекемені таңдау құқығымен медициналық қызмет алу;
- жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу және жүйеге қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алу. БЖТ төлеушілер өздерінің жинақтарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында толықтыру, еңбек өтіліне байланысты жоғары мөлшерде базалық зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болады;
- еңбек ету қабілетінен айырылған, асыраушысынан айырылған, жүктілік пен босану, бала асырап алған, бала күтімі жағдайларында әлеуметтік төлемдер алу.