Фото: Pexels.com
2025 жылдың 12 айында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 1,9 млрд жолаушы тасымалданды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға көп, деп хабарлайды Ult.kz.
Жолаушылар тасымалынан кәсіпорындардың жалпы кірісі 1,5 трлн теңгені құраған. Ал жолаушылар айналымы 88,9 млрд жолаушы-километрге жетіп, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,4 пайызға артты.
Жолаушылардың басым бөлігі автомобиль және қалалық көлік түрлерімен тасымалданған. Атап айтқанда, автобус, троллейбус, такси және өзге де көлік құралдарымен 2025 жылы 1,9 млрд жолаушы қатынап, бұл жалпы көрсеткіштің 98,1 пайызына тең болды. Бұл бағыттағы тасымал көлемі бір жылда 12,8 пайызға өсіп, одан түскен кіріс 506,4 млрд теңгені құрады.
Теміржол көлігімен 2025 жылы 19,4 млн жолаушы тасымалданған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға аз. Теміржол арқылы жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 142,4 млрд теңге болды.
Әуе көлігімен 15,4 млн жолаушы тасымалданып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артқан. Әуе тасымалдарынан түскен кіріс 918,1 млрд теңгені құрады.
Ішкі су көлігімен 253 мың жолаушы тасымалданып, көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға өсті. Бұл тасымал түрінен түскен кіріс 733,7 млн теңгеге жеткен.
Жолаушылар айналымының айтарлықтай өсімі Шымкент (32,4%) және Алматы (24,8%) қалаларында, сондай-ақ Алматы (45,2%), Түркістан (18%), Абай (15,2%), Қарағанды (14,3%), Қызылорда (13,9%), Шығыс Қазақстан (7,1%), Ақтөбе (5,2%), Жетісу (4,8%), Павлодар (4,7%), Маңғыстау (4,4%) және Батыс Қазақстан (3,9%) облыстарында тіркелді.
